Экономиканың жедел цифрлық трансформациясы жағдайында цифрландыру үдерістерінің салааралық саралануын талдау ерекше өзектілікке ие. Зерттеудің мақсаты – Қазақстанның әлеуметтікэкономикалық жүйесіндегі цифрландыру үдерістерінің салааралық саралануын талдау және нақты сектордың цифрлық трансформациясын шектейтін құрылымдық факторларды анықтау. Зерттеудің әдіснамалық негізін салыстырмалы экономикалық талдау, құрылымдық бағалау және цифрландырудың салыстырмалы көрсеткіштерін есептеу әдістері құрайды. Зерттеу барысында 2022– 2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының ресми деректері пайдаланылды, олар экономикалық қызметтің әртүрлі салаларындағы 172 335 ұйымды қамтиды. Нәтижелер цифрлық технологиялардың таралуында оң динамиканы көрсетті: бұлттық есептеулерді пайдаланатын ұйымдар саны 45%-ға, ал үлкен деректерді талдауды қолданатын ұйымдар саны 39%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың цифрлық технологияларды енгізу үлесі 12,9%-дан 19,2%-ға дейін өсті. Сонымен қатар ұйымдардың тек 5,45%-ында штаттық АКТ мамандары бар, бір ұйымға шаққандағы орташа көрсеткіш – 4,6 маман. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар АКТ кадрларының 33%-ын құрайды, алайда олардың жүйеқұраушы салалардағы үлесі өте төмен. Алынған нәтижелер цифрлық дамудың салааралық жоғары саралануын және экономиканың нақты секторындағы құрылымдық шектеулерді айқындайды. Басым бағыттар ретінде салалардың инфрақұрылымдық қолдауын күшейту, цифрлық жобаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қаржыландыру тетіктерін кеңейту, корпоративтік деректер орталықтарын дамыту және АКТ кадрларын даярлау жүйесін жаңғырту ұсынылады.
Әйелдердің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ) секторына қатысуы инклюзивті цифрлық трансформацияның маңызды элементі ретінде жиі қарастырылуда. Зерттеуде цифрландыру және гендерлік көрсеткіштердің өңірлік экономикалық өсуге ықпалы талданып, АКТ саласындағы әйелдердің қатысуы неғұрлым инклюзивті даму үлгілерінің қалыптасуына ықпал ете ме деген мәселе бағаланады. Талдау 2010–2024 жж. аралығындағы Қазақстанның 16 өңірі бойынша теңгерілген панельдік деректерге негізделген. Pooled OLS моделі, екі факторлы тұрақты әсерлер (Twoway Fixed Effects) моделі және гетероскедастикалыққа орнықты, кластерленген стандартты қателер қолданылды. Екі факторлы тұрақты әсерлер моделінің бағалаулары жалақы деңгейінің өңірлік экономикалық өсудің ең тұрақты детерминанты екенін көрсетеді (β = 1.330; p < 0.001), ал негізгі капиталға инвестициялар шекті статистикалық мәнділікті сақтайды (β = 0.126; p = 0.060). Адам капиталы көрсеткіші статистикалық тұрғыдан мәнді теріс ішкіөңірлік әсерді көрсетеді (p < 0.001), ал цифрландыру индикаторлары мен гендерлік айнымалылар статистикалық тұрғыдан мәнді емес болып табылады.Нәтижелер цифрландыру көрсеткіштері мен гендерлік айнымалылардың өңірлік және уақыттық тұрақты әсерлерді ескергеннен кейін жалпы өңірлік өнімге статистикалық мәнді ішкіөңірлік ықпал етпейтінін көрсетеді. Сонымен қатар, негізгі капиталға инвестициялар мен жалақы деңгейі өңірлік өсудің ең тұрақты детерминанттары ретінде айқындалады. Кластерлік талдау өңірлік дамудың төрт моделін — цифрлық-қызмет көрсету, индустриялық, аграрлық және ресурстық — анықтап, құрылымдық гетерогендікті растайды. Алынған нәтижелер цифрландырудың өзі инклюзивті өсуді автоматты түрде қамтамасыз етпейтінін, ал оның экономикалық әсерлері құрылымдық факторлар арқылы жүзеге асатынын көрсетеді.
Аграрлық дамудың кеңістіктік дифференциациясының күшеюі және қосылған құны жоғары өсу моделіне көшу қажеттілігі жағдайында Қазақстан өңірлерінде агрохабтарды аумақтық орналастыруды ғылыми негіздеу міндеті өзекті бола түсуде. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан өңірлерінің даму динамикасына талдау жүргізу және өндірістік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік детерминанттар негізінде агрохабтарды қалыптастыру алғышарттарын айқындау. Әдіснамалық негіз дескриптивтік статистикалық талдауды, көрсеткіштерді min–max әдісі арқылы нормализациялауды және өндірістік, инфрақұрылымдық-инвестициялық және әлеуметтік блоктарды біріктіретін интегралды индексті есептеуді қамтиды. Өңірлерді типологиялау квартильдік әдіс негізінде жүзеге асырылды, сондай-ақ әлеуеті жоғары және орташа өңірлер үшін әлеуметтік бағытталған SWOT-диагностика жүргізілді. Ақпараттық база ретінде 2010–2024 жылдар аралығындағы Ұлттық статистика бюросы мен Ұлттық Банкі ұсынған ресми деректер пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері талданған кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,82 трлн теңгеден 8,31 трлн теңгеге дейін өсіп (4,56 есеге; орташа жылдық өсім шамамен 11,5%), сонымен қатар жұмыспен қамтылғандар саны 2,29 млн адамнан 1,03 млн адамға дейін қысқарғанын, ал еңбек өнімділігі бір жұмыскерге шаққанда 0,79 млн теңгеден 8,09 млн теңгеге дейін артқанын көрсетті. Интегралды индекс өңіраралық айқын дифференциацияны анықтады: ең жоғары мәндер Түркістан (0,80), Алматы (0,69), Ақмола (0,66) және Солтүстік Қазақстан (0,65) облыстарында тіркелсе, ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау (0,37) және Ұлытау (0,10) облыстарында байқалды. Алынған нәтижелер агрохабтарды орналастыруды стратегиялық жоспарлау құралы ретінде интегралды бағалауды пайдаланудың және сараланған өңірлік саясат жүргізудің қажеттілігін растайды.
Тұрақты даму күн тәртібінің институционалдануы және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке қойылатын талаптардың күшеюі жағдайында ESG (Environmental, Social, Governance) ұстанымдарындағы әлеуметтік және гендерлік айырмашылықтарды талдау ерекше маңызға ие болуда. Зерттеудің мақсаты — ESG-ге қатысты әлеуметтік-құндылықтық ұстанымдардағы гендерлік айырмашылықтарды анықтау және бұл айырмашылықтардың елдік контекст арқылы қалайша модерацияланатынын мемлекетаралық деңгейде айқындау. Зерттеу барысында ESG ұстанымдарының латентті құрылымын айқындау үшін бас компоненттер әдісі (PCA), ал гендердің, институционалдық сенімнің, әлеуметтік теңдіктің, экологиялық бағдардың және демографиялық факторлардың ықпалын бағалау үшін көптік сызықтық регрессиялық талдау (OLS) қолданылды. Эмпирикалық база Ұлыбритания, АҚШ, Ресей және Қазақстан елдерінде жүргізілген кросс-ұлттық сауалнама деректеріне (N = 8 291) негізделді. PCA нәтижесінде жалпы дисперсияның шамамен 60%-ын түсіндіретін төрт латентті компонент анықталды: дәстүрлі гендерлік ұстанымдар, институционалдық сенім, әлеуметтік теңдік және экологиялық бағдар. Регрессиялық талдау гендердің дәстүрлі гендерлік рөлдерге қатысты ұстанымдарға статистикалық тұрғыдан мәнді әсер ететінін көрсетті (B = –0,188; p < 0,001), бұл әйелдердің анағұрлым айқын эгалитарлық позиция ұстанатынын білдіреді. Ұстанымдар вариациясына ең жоғары үлесті институционалдық сенім қосты (β = 0,128; p < 0,001), одан кейін экологиялық бағдар (β = 0,054; p < 0,001) және әлеуметтік теңдікті қолдау (β = 0,025; p = 0,020) орналасады. Гендерлік алшақтық Қазақстан мен Ресейде Ұлыбритания мен АҚШ-қа қарағанда анағұрлым айқын екені анықталды. Алынған нәтижелер ESG ұстанымдарындағы гендерлік айырмашылықтардың тұрақты сипатқа ие екенін, алайда олардың әлеуметтік-институционалдық ортаға тәуелді контекстуалдық ерекшеліктермен айқындалатынын растайды.
Аумақтық әлеуметтік-экономикалық теңгерімсіздік проблемасы Қазақстанның өңірлік саясатындағы басты мәселелердің бірі болып қала береді, себебі өңірлердің экономикалық әлеуеті мен қол жеткізілген әлеуметтік нәтижелер арасындағы айырмашылықтар тіпті тұрақты экономикалық өсу кезінде де сақталады. Зерттеудің мақсатыҚазақстан өңірлерінің экономикалық және инфрақұрылымдық ресурстарын әлеуметтік нәтижелерге, ең алдымен кедейлік пен жұмыссыздықты деңгейін төмендетуге қаншалықты тиімді түрлендіретінін бағалау. Зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде Data Envelopment Analysis (DEA) параметрлік емес әдісі қолданылды, ол ресурстарды әлеуметтік нәтижелерге түрлендіру барысында өңірлердің салыстырмалы тиімділігін шешім қабылдау бірліктері ретінде бағалауға мүмкіндік береді. DEA талдауының нәтижелері көрсеткендей, 20 өңірдің 13-і толық тиімділікке қол жеткізген, ал 7 өңір салыстырмалы түрде тиімсіз болып табылады, олардың қатарына Алматы қ. (0.8087), Маңғыстау облысы (0.8840) және Павлодар облысы (0.9327) жатады. Бұл ретте әлеуметтік көрсеткіштердің аумақтық саралануы анықталды: кедейлік тереңдігі 0,3-тен 1,6-ға дейін, ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі - 3%-дан 8%-ға дейін. Зерттеу нәтижелері өңірдің экономикалық даму деңгейінің жоғары болуы әлеуметтік тиімділіктің де сәйкес деңгейде жоғары болуына кепілдік бермейтінін көрсетті. Аумақтық теңгерімсіздіктер негізінен басқару тиімділігі мен ресурстарды пайдалану деңгейіндегі айырмашылықтармен байланысты. Болашақ зерттеулердің перспективалы бағыты ретінде талдаудың уақыттық қамтуын панельдік деректерді пайдалану арқылы кеңейту ұсынылады. Бұл өңірлердің салыстырмалы тиімділігінің динамикасын бағалауға және экономикалық ресурстардың әлеуметтік нәтижелерге трансформациялану үрдістерін анықтауға мүмкіндік береді.
Орталық Азия елдерінде әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі біртіндеп артып келеді, алайда оның дамуы бірқатар институционалдық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени шектеулермен қатар жүруде. Осы зерттеудің мақсаты Орталық Азия елдеріндегі әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі деңгейіне әлеуметтік, экономикалық және институционалдық айнымалылардың ықпал ету деңгейін бағалау болып табылады. Эмпирикалық база Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан бойынша 2015–2024 жылдарды қамтитын деректерді біріктіреді, олар Дүниежүзілік банктің ақпараты, Global Entrepreneurship Monitor есептері, Дүниежүзілік экономикалық форумның Global Gender Gap Index көрсеткіштері және ұлттық статистикалық агенттіктердің деректері негізінде қалыптастырылған. Зерттеу нәтижелері қарастырылған барлық елдерде әйелдер арасындағы кәсіпкерлер үлесінің тұрақты өскенін көрсетті: Қазақстанда бұл көрсеткіш 2015 жылғы 40,1%-дан 2024 жылы 46,5%- ға дейін, Қырғызстанда — 37,2%-дан 43,1%-ға дейін, Өзбекстанда — 28,7%-дан 38,2%-ға дейін, Тәжікстанда — 22,5%-дан 29,3%-ға дейін өсті. Панельдік регрессия нәтижелері әйелдердің жұмыс күшіне қатысу деңгейінің (β = 0.38; p = 0.002), интернеттің таралуының (β = 0.29; p = 0.005), кредиттерге қолжетімділіктің (β = 0.34; p = 0.009) және жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің (β = 0.21; p = 0.017) әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына статистикалық тұрғыдан мәнді оң әсер ететінін көрсетті; модельдің түсіндіру қабілеті R² = 0.64 құрады. Алынған нәтижелер Қазақстан мен Қырғызстанда әйелдердің кәсіпкерлік қызметке тартылу деңгейі неғұрлым жоғары екенін, ал Өзбекстан мен Тәжікстанда кәсіпкерлік белсенділіктегі гендерлік алшақтықтың айқынырақ сақталатынын көрсетеді. Зерттеу нәтижелері Орталық Азия елдерінде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын және гендерлік теңдік саясатын әзірлеу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Аймақтық дифференциацияның күшеюі және экономиканың цифрлық трансформациясы жағдайында өңірлердің экономикалық өсу факторларын сандық тұрғыдан бағалау қажеттілігі артып отыр. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан өңірлерінің экономикалық өсуіне адами капиталдың, инновациялық белсенділіктің, әлеуметтік жағдайлардың және әлемдік мұнай бағасының динамикасының әсерін сандық тұрғыдан бағалау. Зерттеудің әдіснамалық негізін догоняющий өсу моделінің шеңберіндегі бекітілген әсерлері бар панельдік модель, сондай-ақ өңіраралық спилловерлерді есепке алу үшін кеңістіктік эконометрика әдістері құрайды. Бағалау нәтижелері көрсеткендей, экономикалық өсудің ең маңызды факторлары – мұнай бағасы мен инновациялық белсенділік. Модельдеу нәтижелері бойынша әлемдік мұнай бағасының 1%-ға өсуі жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсу қарқынын орта есеппен 0,48%-ға арттырады, бұл әсер мұнай өндіруші өңірлерде 0,54%, ал қалған өңірлерде 0,44% құрайды. Технологиялық инновацияларға жұмсалатын шығындар оң және статистикалық тұрғыдан мәнді әсер көрсетеді (β = 2.15, p < 0.01), ал инновациялардың өңіраралық спилловерлік әсері жоғары (β = 11.8, p < 0.01). Денсаулық сақтау саласының үлесі де маңызды (β = 5.66, p < 0.05), ал ҒЗТКЖ-ға, білім беруге және негізгі капиталға инвестицияларға жұмсалатын шығындар қысқа мерзімде статистикалық тұрғыдан мәнді әсер көрсетпеді. Әлемдік мұнай бағасының динамикасы мен өңірлердің орташа ЖӨӨ өсуі арасында жоғары корреляция анықталды (r = 0.87). Сонымен қатар, ҒЗТКЖ, білім беру және негізгі капиталға инвестициялар қысқа мерзімді кезеңде статистикалық тұрғыдан мәнді әсер көрсетпейді. Алынған нәтижелер мұнай факторының басым рөлін және инновациялық спилловерлердің өңірлік экономикалық өсудің негізгі драйверлері ретіндегі маңыздылығын растайды.
Экономиканың жедел цифрлық трансформациясы жағдайында жоғары білім беру жүйесінің тиімділігіне цифрлық факторлардың әсерін сандық тұрғыдан бағалаудың маңыздылығы артып келеді. Зерттеудің мақсаты Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім беру процесінің нәтижелілігіне цифрландырудың әсерін талдау болып табылады. Зерттеудің әдіснамалық негізін цифрландыру және білім беру тиімділігінің салыстырмалы көрсеткіштерін есептеуді, сондай-ақ ең кіші квадраттар әдісін (OLS) қолдана отырып эконометриялық модельдеуді қамтитын сандық талдау әдістері құрайды. Зерттеудің эмпирикалық базасын Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының студенттер, түлектер, оқытушылар саны, сондай-ақ жоғары оқу орындарының компьютерлік техникамен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілу көрсеткіштерін қамтитын статистикалық деректері құрайды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қарастырылған кезеңде интернетке қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілу 100 студентке шаққанда 11,64-тен 13,28 бірлікке дейін артқан (+14,1%), ал түлектер коэффициенті 23,57%-дан 26,51%-ға дейін өскен (+2,94 п.т.). Эконометриялық талдау цифрландыру деңгейі мен білім беру процесінің нәтижелілігі арасында оң өзара байланыс бар екенін көрсетті: интернетке қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілу деңгейінің 100 студентке шаққанда 1 бірлікке артуы түлектер коэффициентінің орта есеппен 2,09 пайыздық тармаққа өсуімен қатар жүреді (R² = 0,874). Алынған нәтижелер цифрландырудың жоғары білім беру тиімділігін арттырудағы маңызды фактор екенін дәлелдейді, алайда оның әсері негізінен сандық сипатқа ие және түлектерді даярлау сапасының сапалық өзгерістерін толық көлемде көрсетпейді.
Бүгінгі таңда климаттық өзгерістердің ауыл шаруашылығына әсері күшейіп отыр, бұл аграрлық сектордың тұрақтылығы мен бейімделу әлеуетінің негізгі факторы ретінде ауылдық инфрақұрылымның рөлін қайта қарастыру қажеттілігін айқындайды. Зерттеудің мақсаты – өңірлік дифференциация мен климаттық факторларды ескере отырып, Қазақстандағы ауылдық инфрақұрылым дамуының ауыл шаруашылығының тұрақтылығына әсерін бағалау. Зерттеудің әдіснамалық негізі сипаттамалық статистика, салыстырмалы талдау және эконометрикалық модельдеу әдістерін қамтиды. Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының 2010–2025 жж. кезеңіндегі бес макроөңір бойынша панельдік деректері пайдаланылды. Нәтижелер инфрақұрылым дамуы мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығы арасында тұрақты оң өзара байланыс бар екенін көрсетті. Негізгі модельде инфрақұрылым индексінің 1 бірлікке артуы тұрақтылық индексінің 0,58-ге өсуіне алып келеді (β = 0,58; R² = 0,81). Кеңейтілген модель жоғары түсіндіру қабілетіне ие екенін көрсетіп, ең үлкен әсер су инфрақұрылымына тиесілі екенін айқындайды (β = 0,34), одан кейін цифрлық (β = 0,29) және көлік (β = 0,17) компоненттері келеді. Өңірлік талдау айтарлықтай дифференциацияны анықтады: тұрақтылықтың ең жоғары мәндері Солтүстік макроөңірде байқалса, Батыс макроөңір ең осал болып қала береді.Алынған нәтижелер ауылдық инфрақұрылымның климаттық өзгерістерге бейімделудің жүйелік механизмі ретінде әрекет ететінін растайды, алайда оның тиімділігі құрылымдық теңгерімділік пен өңірлік жағдайларға байланысты анықталады. Ең жоғары тиімділік су, цифрлық және көлік инфрақұрылымдарын кешенді дамыту кезінде қол жеткізіледі.
ISSN 2958-7220 (Online)











